ШҚО-да алты шағын су электр станциясы салынады

Шығыс Қазақстан облысында 2024–2025 жылғы жылыту маусымы қалыпты жағдайды өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл туралы ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов мәлім етті.
Оның айтуынша, атқарылған ауқымды жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 68,5 км жылу желісі, 13,3 км су құбыры, 53 км кәріз жүйесі және 603 км электр желісі жөнделді. Өскемен және Риддердегі үш жылу электр орталығын (ЖЭО) жаңғырту жұмысы жүргізілді. Оған жалпы сомасы 14,4 млрд теңге инвестиция салынды.
Жабдықтары ескірген Риддер ЖЭО-да тозу көрсеткіші 74,5%-дан 45,7%-ға дейін төмендеді. Былтыр кеншілер шаһарындағы жылу орталығына 7,9 млрд теңге қосымша қаражат бөлініп, 19 км жылу желісі ауыстырылды, алты қазандық агрегаты мен үш турбогенератор күрделі жөндеуден өтті.
Биыл 6 млрд теңгенің жұмыстары жоспарланған. Қазандықтарды жөндеу, отын жүйесін жаңғырту және ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығын арттыру жалғасады.
Күрделі жөндеу жұмысы Өскемен және Согра ЖЭО-ларында да өтеді. Бұл мақсатқа 8,1 млрд теңге бөлінді. Өскемен ЖЭО-да тоғыз қазандықтың алтауын, Согра ЖЭО-да үш қазандықтың екеуін қалпына келтіру көзделген. Бұл өңірдегі жылдан-жылға өсіп келе жатқан энергияға сұранысты қамтуға мүмкіндік береді.
Былтыр облыста электр энергиясын өндіру көлемі 7,64 млрд кВт·сағат болды, оның 7,19 млрд кВт·сағаты желіге берілді. Соңғы бес жылда алғаш рет 0,07 млрд кВт·сағ артық энергия тіркелді.
Фото: pixabay.com




