БҰҰ миссиясына қатысқан өскемендік жауынгерлер елге оралды

БҰҰ-ның Бақылау және қадағалау күштері (UNDOF) миссиясы аясында Голан жоталарында бір жыл бойы қызмет атқарған Қазақстанның алғашқы бітімгерлік контингенті елге оралды. Олардың қатарында Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінен бес жауынгер бар, деп хабарлайды F16.kz.
Қазақстаннан аттанған 139 жауынгерден жасақталған бітімгерлік рота өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды. Сарбаздар өздеріне бекітілген аймақта патрульдік қызмет атқарып, жүктерді жеткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етті, сондай-ақ тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуге белсенді қатысты.
Бітімгерлік миссия – еліміздің Қарулы Күштері үшін жаңа тәжірибе ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Елге оралған сарбаздарды туған-туыстары мен әскери басшылық зор қуанышпен қарсы алды.
Қазақстандық бітімгерлердің бұл алғашқы тәжірибесі болашақта халықаралық миссияларға қатысуға сенімді негіз болары сөзсіз.
Фото: ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті




