Әрбір оқу орнына полиция қызметкері бекітілді – ШҚО

Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында ішкі істер министрі Ержан Сәденов 2025 жылды қылмысқа қарсы профилактика жылы деп жариялады. Осы орайда құқық қорғау органдары қылмыстың алдын алу шараларын күшейтіп, қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заң бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударылып отыр, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
КӨШЕДЕГІ БҰЗАҚЫЛЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ
Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, қоғамдық орындарда және көшелерде болатын бұзақылықтың алдын алу мақсатында биылғы 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында облыс аумағында республикалық «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.
ҚАНША ЖАСӨСПІРІМ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ?
Полиция департаментінің бұйрығымен әрбір оқу орнына аумақтық полиция бөлімінің басшылары бекітіліп, ювеналдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлары және криминалдық полицияның жедел уәкілдері жауапты ретінде бекітілген. Олар кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар мен құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жұмыстар жүргізеді.
Өңірдегі жасөспірімдер арасындағы заңбұзушылық деңгейі көңіл көншітпей тұр. Дегенмен құқық қорғау органдарының мәліметінше, тәртіп бұзатындар саны жылдан-жылға азайып келе жатыр. Мәселен, былтырғы 4 айда 956 жасөспірім жауапкершілікке тартылса, биыл ол 638-ге төмендеген.
500-ГЕ ТАРТА АТА-АНА ЕСЕПКЕ АЛЫНДЫ
«Жасөспірім» жедел-алдын алу шарасы басталғалы полиция бөлімдеріне кәмелетке толмаған 473 жасөспірім жеткізіліп, 479 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сондай-ақ 27 жасөспірім мен 27 қолайсыз отбасы есепке алынды.
Бүгінде облыс бойынша 199 кәмелетке толмаған жасөспірім және бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамайтын 490 ата-ана есепке алынған.
Фото: F16.kz/жасанды интеллект




