WorldSkills Shygys 2025 чемпионаты басталды

Бүгін Шығыстың бас шаһарында дәстүрлі WorldSkills Shygys 2025 чемпионаты басталды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Осы бастаманы жүзеге асыру мақсатында өңірде түрлі іс-шаралар, жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру жоспарланған. Сондай шаралардың бірі - WorldSkills Shygys 2025 чемпионаты. Аймақтағы кәсіпорындарымен бірлесіп ұйымдастырылатын кәсіби шеберлік чемпионатына колледж студенттері, түлектері және жұмыс істейтін жастар қатысады.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбектің айтуынша, биыл чемпионатқа сегіз колледждің базасында 170-тен астам студент қатысып отыр. Қатысушылардың жұмысын кәсіпорындардың жетекші мамандары, колледждердің өндірістік оқыту шеберлері мен тәлімгерлері бағалайды.
Бұл чемпионатқа қатысу арқылы жастар ұлттық кәсіби шеберлік байқауларында тәжірибелерін кеңейтуге және оқыту технологиялары мен халықаралық деңгейдегі жаңа кәсіби стандарттармен танысуға мүмкіндік алады.
Айта кету керек, аймақтық жеңімпаздар қарашада Астанада өтетін WorldSkills Kazakhstan 2025 республикалық чемпионатында облыс намысын қорғайды.




