Климаттың өзгеруі және Орталық Азия: Ашхабадтағы шешуші диалог

Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында климаттың өзгеруіне арналған Орталық Азияның VII конференциясы (ОАҚӨК-2025) өтіп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Конференцияның басты тақырыбы – өңірлік және ұлттық климаттық шараларды іске асыру үшін климаттық қаржыландыруды жұмылдыру. Бұл мәселе жаһандық температура рекордтарының жаңаруы және өңірдегі климаттық тәуекелдердің артуы аясында аса өзекті болып отыр.
Алқалы жиынға Орталық Азия елдерінен 200-ден астам адам қатысып жатыр, оның ішінде үкімет, парламент, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары, ғылыми орталықтар және азаматтық қоғам өкілдері бар.
Конференция БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 29-шы конференциясының (COP29) шешімдерін іске асыру және алдағы COP30-ға дайындық, ұлттық бейімделу жоспарлары мен жаңа ұлттық үлестерді (ҰДАҮ 3.0) әзірлеудегі өңір елдерінің ілгерілеуін бағалау, сондай-ақ Жаңа ұжымдық сандық климаттық қаржыландыру мақсатына (NCQG) сәйкес стратегиялық әрі әділ климаттық қаржыландыру тәсілдерін әзірлеу мәселелері бойынша пікір алмасу алаңы болды.
ОАҚӨК-2025 негізгі элементтерінің бірі – ұлттық басымдықтарды өңірлік климаттық архитектураға біріктіруге назар аудару және төмен көміртекті даму жолына көшу тәжірибелерімен алмасу болды.
Қазақстаннан конференцияға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми-зерттеу институттарының және Парламенттің өкілдерінен құралған делегация қатысты. Делегацияны экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Ошурбаев бастап барды.
Вице-министрдің сөзінде 2026 жылы өтетін Өңірлік климаттық саммитке ерекше назар аударылды. Қазақстан бұл саммитті өңірлік диалогты нығайтудың және күш-жігерді үйлестірудің стратегиялық алаңы ретінде қарастырады.
Сонымен қатар, Экология және табиғи ресурстар министрлігі ОАҚӨК-2025 алаңында «Жасыл көпір»: ҰДАҮ іске асыруды жеделдету мен нығайтуға арналған инновациялық технологиялар» атты параллельді сессия өткізді. Бұл сессия Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Green Bridge Partnership Program (GBPP) жаһандық цифрлық платформасы арқылы климаттық технологиялар трансферінің тетіктерін енгізу жолымен ҰДАҮ тиімді іске асыруға бағытталған.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникаиялар қызметі




