F16.KZ
Жарияланды: 14:30, 14 май 2025
Жаналықтар

Шегірткеден қауіп бар: зиянкестермен күреске 7,1 млрд теңге бөлінеді

Биыл Қазақстан аумағында шегіртке тектес зиянкестердің 2,1 миллион гектар аумаққа таралу қаупі бар. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды F16.kz.

Оның мәлімдеуінше, бұл болжам былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 1 миллион гектарға төмен. Дегенмен, зиянкестердің таралу қаупі әлі де өзекті.

Шегірткемен күреске республикалық бюджеттен 7,1 миллиард теңге бөлінді. Ал мониторинг пен зерттеу шараларына 4 625 маман тартылады. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе көп, – деді вице-министр.

Үйірлі шегірткелерге қарсы күреске 443 арнайы техника жұмылдырылмақ. Олардың қатарында 239 жерүсті желдеткіш және штангалы бүріккіштер, 100 аэрозольді газ генераторы, 31 аса жеңіл авиация құралы, 24 ұшақ пен 49 пилотсыз ұшу жүйесі бар.

Химиялық өңдеу жұмыстары фитосанитарлық жағдайларға бейімделген, жоғары тиімділігі бар пестицидтермен жүргізіледі. Сондай-ақ, барлық облыстарда облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын арнайы жедел штабтар құрылып, жергілікті деңгейдегі жұмыстарды үйлестіру қолға алынған.

Фото: pixabay.com

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)