Өңдеу өнеркәсібіне 1,1 млрд теңге өтемақы қайтарылды

Былтырғы жылдың 12 мамырынан бастап Қазақстанда алғаш рет өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдық сатып алуға жұмсалған шығындарын өтеу тетігі іске қосылды. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар жұмсаған қаражатының 40 пайызына дейін қайтарып ала алады, деп хабарлайды F16.kz ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ аталмыш қолдау тетігінің бір жылдағы нәтижесін жариялады.
Кәсіпорындар 3D-сканерлер, 3D-принтерлер және кең форматты принтерлер сияқты заманауи цифрлық шешімдермен қоса, технологиялық жабдықты сатып алуға жұмсаған шығындарының 40%-ын (бірақ 60 миллион теңгеден аспайтын) өтеуге мүмкіндігі бар.
Жаңа қолдау шарасын пайдаланған кәсіпорындар қатарында Алматы желдеткіш зауыты, «Майами Solar», «ANNC Construction», «Мехлитком», «Barys E&T», «Temir SAK» және басқа да компаниялар бар.
Мысалы, фиброцементті қасбеттік тақталар өндіруге маманданған ANNC Construction зауытына QazIndustry бояу желісін сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеді. 44 миллион теңге көлеміндегі өтемақы кәсіпорынға өндірісті одан әрі жаңғыртуға және өнімнің өзіндік құнын едәуір төмендетуге мүмкіндік берді.
QazIndustry мәліметі бойынша, жаңа мемлекеттік қолдау шарасы кәсіпорындар арасында жоғары сұранысқа ие бола бастады. Қолдау шарасы іске қосылған сәттен бері орталыққа кәсіпорындардан 340-тан астам өтінім түскен.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекет кәсіпорындарға еңбек өнімділігін арттыру және ішкі нарықта өнімді ілгерілетуге бағытталған шығындардың бір бөлігін өтейді. Өтемақы мөлшері 40%-тан 50%-ға дейінгі мөлшерді құрайды. Бұл қолдау шаралары тек бизнеске ғана емес, бүкіл ел экономикасына да пайдалы: компаниялардың пайдасының өсуі салық түсімдерінің артуына ықпал етеді.
Мемлекеттік ынталандыру шараларының шарттарымен келесі сілтеме арқылы танысуға болады https://qazindustry.gov.kz/ru/business_support және әр сейсенбі, бейсенбі күндері QazIndustry ғимаратында (Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогында) өтететін Ашық есік күндеріне келу арқылы білуге болады.
Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі




