WorldSkills Shygys 2025 өңірлік чемпионатының жеңімпаздары белгілі болды - ШҚО

Шығыс Қазақстан облысында WorldSkills Shygys 2025 өңірлік чемпионаты мәресіне жетті. Кәсіби шеберлік сайысына 170-тен астам талапкер, оның ішінде студенттер, түлектер мен 21 жасқа дейінгі жас мамандар қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
Мамырдың 12-сі күні басталған чемпионат облыстың колледждерінде, Құзырет орталықтары мен өндірістік кәсіпорындарында өтті. Қатысушылар мехатроника, дәнекерлеу технологияларынан бастап графикалық дизайн мен веб-дамуға дейінгі 38 құзыреттілік бойынша бақ сынады. Сарапшы ретінде өндірістік оқыту шеберлері мен өнеркәсіптік компаниялардың жетекші мамандары қатысты. Бұл іс-шараны өткізудегі негізгі мақсат — жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту.
Өскеменде өткен чемпионаттың жабылу рәсіміне ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, білікті кадрларды даярлаудың маңызына тоқталды.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Өскемен қаласының Жоғары политехникалық колледжі, екінші орынды Риддер қаласының колледжі, үшінші орынды Өскемен қаласының Көпсалалы технологиялық колледжі иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтарға, арнайы сертификаттарға ие болды, ал кейбір қатысушылар жоғары шеберлігі үшін марапатталды.
Сайыстың бас демеушісі «Казцинк» компаниясы болды. «Казцинк» ЖШС-нің басқарушы директоры Андрей Лазарев мұндай жарыстарға қатысу жастарды ынталандырып, тәжірибелік дағдыларға қызығушылықты арттыратынын және жұмысшы мамандықтардың өзектілігін дәлелдейтінін атап өтті.
Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары қараша айында Астанада өтетін WorldSkills Kazakhstan 2025 республикалық чемпионатында облыс намысын қорғайды.
WorldSkills Shygys 2025 жай ғана жарыс емес, тәжірибе алмасуға, жаңа білім беру стандарттарын енгізуге және жұмысшы мамандықтарын елдің орнықты дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде ілгерілетуге арналған алаңға айналды.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі




