Өңір халқы Сібеге жиылды: ШҚО-да туристік маусым ашылды

Бүгін өңір тұрғындары мен қонақтары Сібенің үшінші көліне жиналды. Ұлан ауданындағы Шалқар көлінде туристік маусым ашылды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Іс-шараның басты мақсаты – өңірдің табиғи көрікті жерлерін кеңінен насихаттап, туризмнің әлеуетін арттыру.
Жиылған жұртшылыққа жергілікті шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, садақ ату, атпен, түйемен және баггимен серуендеу сияқты іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек TOR ALTAI демалыс базасына экскурсия, белгілі өлкетанушы Б.Щербаковтың таныстырылымы, төтенше жағдай, құқық қорғау органдарының және кәсіпкерлердің қатысуымен жиын өтті.
Шара барысында ұлттық тағамдар ұсынылған этноауыл, қолөнершілер жәрмеңкесі және қазақ халқының салт-дәстүрін таныстыратын экспозициялар көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Кеш соңында жұлдызды аспан астында өткен жастар дискотекасы мерекенің көркін аша түсті.
Фото: ШҚО әкімдігі




