Қанас пен Марқакөл: трансшекаралық туризмнің жаңа парағы ашыла ма?

Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданына сапары аясында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов ШҰАА партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен және ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Еркін Тұниязбен кездесті, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті. Ресми ақпаратқа сүйенсек, кездесуде екі өңір арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланған.
Өңірдегі туристік аймақтарға электр желісін тарту, сапалы жол салу, инфрақұрылымды толық жүргізу, қонақүйлер салу бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қытай тарапынан Шығыстың табиғаты мен этномәдени мұрасына қызығушылық жоғары екенін ескеріп, бірнеше бағытта көлік қатынасын қамтамасыз ету көзделген. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысы Үрімжі-Өскемен тікелей халықаралық әуе рейсін, сондай-ақ Қанас-Катонқарағай, Қанас-Зайсан бағыттарын ашу мәселесін қарастыру ұсынылды.
Облыс әкімі атап өткендей, туризмнен басқа да өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға болатын көптеген сала бар. Олар: өнеркәсіп, автомобиль және арнайы техника өндіру, ағаш өңдеу, су энергетикасы және ауыл шаруашылығы.
Оның айтуынша, қос тараптың бірлескен күш-жігері арқылы шекаралас өңірлердің өркендеуіне бағытталған нақты іс жүзіндегі ынтымақтастықтың жаңа парағын ашуға болады.
Өз кезегінде Қытай тарапы өзара тиімді ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, тізе қосып жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар ол білім беру, мәдениет және трансшекаралық туризм салаларында Шығыс Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі




